Халықаралық «Ертiс Cinema» кинофестивалі шақырады

Павлодарлықтар қысқаметражды ойын киносы мен деректі фильм авторларын бірінші Халықаралық «Ертiс Cinema» кинофестиваліне қатысуға шақырады,деп хабарлайды облыс әкімінің ресми сайты.
Жұмыстар мен қатысуға өтініштерді қабылдау 20 ақпаннан басталып, 1 маусымда аяқталады. Одан кейін 10 күн қазылар алқасы жұмыстарды қарап, 14 маусым – Қала күніне орай қорытынды шығарып, жеңімпаздардың есімін жария етеді. Бұл туралы Павлодар облысы аймақтық мәдениет, мұрағаттар мен құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков хабарлады.
– Халықаралық «Ертiс Cinema» кинофестивалі – «Рухани қазына» жобаларының бірі. Оған арнап www.ertiscinema.kz сайты да жасалған, – деді өз сөзінде Ардақ Райымбеков. – Әзірге барлық конкурсқа қатысуға жерлестерімізден өтініш түсті , бірақ біз тек қана Қазақстаннан емес, басқа да елдерден кем дегенде 20 қатысушы күтеміз.
Ведомство басшысының мәліметінше, конкурс өткізуге 7 млн. теңге бөлінбек, одан бөлек, ұйымдастырушылар демеушілерге үміт артып отыр. Қазылар алқасына танымал қазақ жазушысы, кинорежиссёр және сценарист, ҚР еңбегі сіңген қайраткер, «Келін», «Мәмлүк», «Шал» сынды туындылар түсірген Ермек Тұрсынов төрағалық етпек.
– Біз қазір конкурстық жұмыстардың ашық, тегін көрсетілуі үшін қала кинотеатрларымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз, «Ертіс Cinema»-мен алдын ала келісім алдық, екінші нұсқа ретінде К.Әбусейітов атындағы мәдени-ойын-сауық орталығын алып отырмыз,- деді Ардақ Райымбеков.
– Фильмдер Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне арналуы керек. Фестивальдің қазылар алқасы жеңімпаздарды келесі номинация бойынша анықтайды: «Үздік деректі фильм», «Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласы туралы үздік фильм», «Қазылар алқасының арнайы сыйлығы», «Көрермен көзайымы».
Жұмыстың хронометражы 30 минуттан кем болмауы керек. Байқауға қатысу үшін 2016 жылдан бері қарай түсірілген фильмдер ғана жарайды. Авторға 2018 жылдың 1 маусымына дейін www.ertiscinema.kz сайтында қатысуға онлайн өтініш толтыру қажет.