Астанада «Әміре» фильмінің тұсаукесері өтті

Астанада Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және Әлидар Өтемұратовтың «Dar Play» компаниясымен бірлесе түсірген «Әміре» фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Кинотуынды қазақтың тенор дауысты біртуар әншіcі Әміре Қашаубаевтың қамшының сабындай қысқа да, жарқын ғұмырын баяндайды. Сондай-ақ, фильмде Әміре Қашаубаевтың танымал америкалық джаз композиторы Жорж Гершвинмен достығы да көрініс табады.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, тарихи тұлғалар жайында түсірілген «Әміре» секілді фильмдер шетелдік көрерменнің елімізге деген қызығушылығын арттырады.
- Еліміздің дара әншісі Әміре Қашаубаев туралы түсірілген көркем фильмде Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы Париждедегі қайталанбас жеңісі туралы сөз етіледі. Сондай-ақ, Әміре Қашаубаев туралы елге белгісіз деректер де фильмде көрініс тапқан. Әміре бірінші боп Еуропада қазақ әнін әуелеткен әнші. Оның тұлғасы қазақ өнері және жалпы қазақ үшін аса маңызды. Өсіп келе жатқан жас өрендер ол туралы білулері қажет. Үкімет және министрлік тарапынан осындай еліміздің асыл ұл-қыздарын бүгінгі ұрпаққа танытуда үлкен еңбек атқарылып жатқанын айтқым келеді,- деді А.Мұхамедиұлы.
- Біз замандастарымызға Әміре Қашаубаевтың қиын өмір жолын және фильмде шырқалатын оның дауысын естуге мүмкіндік бергіміз келді. Әмірені жақын танып, ұлттық дәстүрлі өнермен етене танысқан отандастарымыздың бойында мақтаныш сезімі оянады деп сенемін. Өйткені, біздің музыка мәдениетін қалыптастырған осындай адамдар, есімдер біздің тарихымызда қалуға тиісті. Әлем кинематографиясында музыка драмасы жанрында түсірілген фильмдер көп емес. Сондықтан отандық көрермендерге бұл жанрдағы картинаны көріп, өткен ғасырдың 30-жылдарына саяхат жасау қызықты болуға тиіс,- дейді картинаның бас продюсері, DAR компаниясының негізін қалаушы Әлидар Өтемұратов.
Картина Латвия, Лос-Анджелес қалаларында түсірілді. Сондай-ақ фильмнің соңғы түсіру жұмыстары Алматы облысы Үшқоңыр ауылының маңында жүргізілді. Фильмде Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы «Балқадиша», «Үш дос», «Дударай», «Бес қарагер» және т.б. әндері орындалады.
Халықаралық түсірілім тобының құрамында: америкалық қоюшы-режиссер Джеф Веспа (Jeff Vespa), оператор – Максим Осадчий («9 рота», «Сталинград») бар.
Фильмнің сценарийін жазған Бенжамин А. ван дер Вин (Benjamin A. van der Veen). Басты рөлдерді отандық актерлер Санжар Мәдиев (Әміре) және Еркебұлан Дайыров (Мұстафа Шоқай) сомдаған. Сонымен қатар, британдық актер Бен Алдридж (Ben Aldridge) және «Область тьмы», «Три билборда на границе Эббинга, Миссури» фильмдері арқылы танылған австралиялық актриса Эбби Корниш (Abbie Cornish) және басқа да актерлер түскен.
Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығына тұспа-тұс келген фильм жалпыұлттық прокатқа 2018 жылдың 5 сәуірінен бастап шығады.