ШҚО-да 82 сауда және ойын-сауық орындарында өрт қауіпсіздігі тексеріледі

Ресейдің Кемерово облысында орын алған қайғылы жағдайдан кейін біздің елімізде өрт қауіпсіздігін тексеру бойынша шаралар қолға алынады бастады. Тексеруге жататын кешендердің жалпы ауданы 1500 шаршы метрді құрайды. ТЖД тізімде 82 нысанды есепке алып отыр. Жыл сайынғы жоспарлы тексеруде кемшілік табылмаған нысандар бұл тізімге кірмеген.
Тексеру алдын-ала 30 күнтізбелік күн бұрын ескертіледі. Барлық талаптар сақталған жағдайда, нысан бір жылға тексеруден босатылады. Ал жыл сайын анықталған ақауларды түзетпей, айыппұл төлеп құтыла салуды жөн көретін кәсіпкерлер де жиі кезігеді екен. Былтыр Семей қаласындағы «Арғымақ» сауда үйінде өрт қауіпсіздігіне қайшы көптеген жағдайлар анықталған.
Сауда орталығының иесі болып табылатын «Таксомоторный парк» ЖШС кемшіліктерді көрсетілген мерзімде жоймағандықтан, іс сотқа дейін жеткен.
Сот орындары мұндай нысандардың жұмысын тоқтатуға құқылы болса да, көп жағдайда тек айыппұл салумен шектеледі. Кей жағдайларда ғана нысанның жұмысын 3-15 күнге тоқтатады.
2017 жылдан бері облыс аумағында 50-ден астам сауда және ойын-сауық нысаны осындай тексеруден өтіп, 280 заңбұзушылық анықталып,оның иелеріне жалпы жиыны 680 700 теңге айыппұл салынған.
Дереккөз: ALTAYNEWS.