Астанада «Жыр атасы - Қабан жырау» атты республикалық жыршылар байқауы өтеді

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Астана» концерт залында Қабылиса атындағы «Жыр атасы - Қабан жырау» атты I-ші Республикалық жыршылар байқауы өткізілмек, деп хабарлайды Объектив.kz филармонияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Байқау 2 сәуір күні сағат 11:00 де салтанатты түрде ашылып, сайыстың I – айналымымен жалғаспақ.
Өткен замандарда жыраулар жыр толғаушы ғана емес, халықтың рухани көсемі, қоғамдық пікір қалыптастырушы қайраткер рөлін атқарды. Әрі ақын, әрі батыр сондай жыраулардың бірі – Қабан (Қабылиса).
Жақұттай жырдың қадірін ұғып, қазақы өнерді сүйіп, дәстүрін дәріптеген сайыс үміткерлері 1 – 5 сәуір аралығында Астана қаласы әкімдігі «Мемлекеттік академиялық филармониясының» ұйымдастыруымен өткізілгелі отырған байқауда өз өнерлерін ортаға салатын болады.
Байқаудың мақсаты: ақын, жыршы Қабан жыраудың шығармашылық мұрасын насихаттау,ұлттық жыр өнерімізді өскелең ұрпақ санасына сіңіру.