«Астана Операдағы» көктемгі симфония

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтің жетекшілігіндегі «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі тыңдармандарға «Көктем симфониясын» ұсынады, деп хабарлайды Объектив.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Болашағынан зор үміт күттіретін жас пианист, көптеген халықаралық конкурстардың лауреаты Иван Бессоновтың (Ресей) қатысуымен концерт театрдың Үлкен залында 4 наурызда өтеді.
Солист Иван Бессоновпен бірге музыканттар П.Чайковскийдің әйгілі Фортепиано мен оркестрге арналған №1 концертін орындайды. Алғашқы фортепианолық концерт әуендердің лирикалық рухымен, қанық бояуларымен және есте қаларлық бейнелерімен ерекшеленеді. Фортепиано партиясындағы шеберлікке толы техникалық элементтер шығарманың түпкі ойын толыққанды ашуға көмектесе алады. Оркестр мен солист тең дәрежелі серіктес атанып, өзара жарысады да қарсыласады, кейде бірін-бірі қолдап өнер көрсетеді.
Иван Бессонов – Ф.Шопен атындағы халықаралық жастар конкурсының Гран-при иегері, А.Рубинштейн атындағы «Орыс музыкасындағы фортепианолық миниатюра» (Санкт-Петербор) және «Ресейдің жас дарындары» конкурстарының бірінші сыйлық лауреаты, Санкт-Петербор Үкіметінің «Жас дарындар» және Мәскеудегі Grand Piano Competition конкурстары жүлделерінің иегері. Бұған қоса, ол Санкт-Петербордың «Кикины палаты» музыкалық мектеп-лицейіндегі жыл сайынғы этюдтер конкурсында алты рет Гран-при иегері атанған.
Үлкен зал сахнасында симфониялық оркестрмен бірге өнер көрсету мүмкіндігін Иван Бессонов Astana Рiano Passion IV халықаралық классикалық музыка фестивалі және жас пианистер конкурсында «Астана Опера» театрынан арнайы сыйлық ретінде алды, сонымен қатар ол бірінші жүлденің лауреаты атанды (фестивальдің көркемдік жетекшісі – Ресейдің Халық әртісі Денис Мацуев).
Иван Бессонов өнер жолында атақты Мариин театры, Мемлекеттік Кремль сарайы және Ресей мен шетел сахналарында сәтті өнер көрсетіп үлгерген. Музыкант Валерий Гергиев, Александр Сладковский тәрізді әйгілі дирижерлермен қызметтес болды. Иван Бессонов орындаушылық өнерден бөлек, өзін композитор ретінде де танытып жүргенін атап өткен жөн: 2015 жылы ол Виктор Косаковскийдің «Ветрянка» деректі фильміне музыка жазған.