Оңтүстік Қазақстанда егістік жер көлемі 30 мың гектарға артты

2017 жылы ОҚО- да ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жерлер 2016 жылмен салыстырғанда 30 мың гектарға артқан. Бұл туралы облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жер қатынастары басқармасының басшысы Созақбай Әбдіқұлов мәлім етті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы жерлерін нысаналы мақсатына сай пайдаланылуына жүргізілген түгендеу жұмыстары нәтижесінде жалпы 248,8 мың гектар жер пайдаланылмай жатқандығы анықталған.
- Есептік мерзімде аталған жерлерден 76,4 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса 83,2 мың гектар жер түсіндіру шараларынан кейін қайта игеріле бастады. Яғни 159,6 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері қайтадан пайдалануға қосылды, - деді Созақбай Исаұлы.
2017 жылы облыстық жер комиссиясының шешімі бойынша 95 жоба мақұлданып, 90 кәсіпкерлік субъектісіне 1982,3 гектар жер телімі пайдалануға берілген.
Сондай-ақ, жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтің 7 түрі бойынша стандарттар бекітіліп, 2017 жылы аудан, қала әкімдіктері тарапынан жалпы 1190 мемлекеттік қызмет көрсетілген.