Наверх

Погода в Астане: 09 апреля, вечер: -2° 3 м/с10 апреля, ночь: -3° 4 м/с10 апреля, утро: +3° 5 м/с10 апреля, день: +12° 6 м/с

Қазақ меценаттары қайдасың?

2583
Фото: Ашық ақпарат көзінен

Бүгін апта бойы сақылдаған сары аяздың беті қайтып,сәл де болса табиғат жылы қабағын танытып тұрғанға ұқсайды. Аяқталғалы тұрған аптадағы ақпараттар легіне үңіле қалсаң, олардың дені көшеде, жолда кездескен жандарға аяз күндері қол ұшын созып, тегін үйлеріне жеткізіп тастаған немесе суықта жүрген жұмысшыларға ыстық тамақ апарып, сауапты іс жасаған жандарға деген ризашылық сезімдерін білдірген жағымды жаңалықтар екен.

Осыған қарап-ақ , күн қанша суық болса да, адамдар жүрегіндегі мейірім көңілді суытпай, жылылық сыйлайтынына сенесің. Апта соңында  жақсылық жасаудан жарысқан ағайын назарына ұсынғалы отырған дүниеміз де бір топ  көкірегі ояу азаматтар бастаған, келешекте қолында қаржысы бар жандар қостағанда ғана соңына дейін жеткізуге болатын игі бастама екенін айтқымыз келеді.  Қалғанын өздеріңіздің көңіл қалауларыңызға қалдырдық, жақсы ниетпен басталған істі жалғаймыз десеңіздер өздеріңіз жазылған мақаладан ой түйіп көріңіздер.

Мырзаларды  қадірлейін десең, осы күнде анық мырза елде жоқ,

(пайда үшін)мал бергіш мырза иттен көп.

Мықтыны сыйлайын десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты,  

жақсылыққа мықты кісі елде жоқ.

Абай Құнанбайұлы

(Жиырма екінші қара сөз)

Көңілі бай адамды мадақтаудың еш қажеті жоқ. Ол өз ортасына онсыз да сыйлы, құрметті. Өйткені оның ойы мен бойына Хакім Абай айтқан:«Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген үш асыл қасиеттің бәрі тоғысқан. Ол бүкіл саналы өмірін игілікті істерге арнаған, сондықтан да оған халықтың ақ батасы дарыған.

Әсілі, жарық дүниеге келген әрбір пенде өз қалауынша өмір сүреді, жоқ та болады, бар да болады, тар да болады, кең де болады, шөл де болады, көл де болады, ақыр соңында құдайдың өлшеп берген жасына риза болады. Әйтсе де, өлгеннен кейін де адамға абырой керек. Бірақ табиғат абыройға тым сараң. Ол тек адам атаулы ұсақтап кетпесін, оның да бір өлшемі болсын, жұрт жақсы мен жаманын, арам мен адалын ажырата алмай қалмасын дегендей, туған халқына жан-тәнімен қызмет ететін бірегей тұлғаларды жаратады. Олар –жиған малды ғана ойламай, иманды да ойлайтын аузында Алласы бар, тілінде Тәубәсы бар игі жақсылар болғандықтан, мынау фәни дүниемен анау бақи дүниенің арасы қас қағым сәт екенін басқалардың есіне салады. Олар - пешенесіне жазылған дарын-қабілеті арқасында батыл ойлы, еркін көңілді, ер мінезді келетіндіктен, жүрек тазалығы мен ой тазалығын егіз ұстап, жұрттың жүгін мойнына артып, халықтың мұң-мұқтажын түгендеп, елдің қамын күйттеуді дағдыға айналдырған.Олар - «адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» (Абай) айтылатын ұлағатты қағиданы ұстанып, не нәрсеге де бейтарап қарай алмай қоғамдық ой-санамен дүние-танымдық өреге де азаматтық деңгейде ықпал жасайды.

 XX ғасыр басындағы қазақ байлары Алаш Орда ұлттық үкіметінің экономикалық және қорғаныстық тірегі саналған. Мұны біз шартты түрде қазақ байларының меценаттық қызметінің «бірінші кезеңі» деп атаймыз.

1913-1918 жылдар аралығында 266 нөмірі жарық көрген«Қазақ» газетінің 1915 жылғы санындағы «Ауқатты алаш азаматтарына» атты мақалада газет ісіне қаржылай жәрдемдесуге шақырған үндеу жарияланады. Олардың алдыңғы қатарында Семейлік ҚаражанҮкібайұлы мен Жұмеке Оразалыұлы, Медеу Оразбайұлы, Ике Әділұлы,Ақмоладан Нұрмағамбет Сағынайұлы, Қарқаралы өңірінен Хасен Ақайұлы, ағайынды Бекметовтер, Ыбырай Ақбайұлы, Жетісулық Тұрысбек, Есенғұл, Сейітбаттал Маманұлдары, Қобдалық Иса Көпжасарұлы, атақты Сырым батырдың шөбересі Салық Омарұлы, Маңғыстау өңіріне аты шыққан бай Тобанияз Әлниязұлы болды.

 

Кезінде сол қазақ байларын көзімен көрген орыс генералы Броневский: «Қазақтың байлары орыстың «богатый» сөзінің баламасы емес, қазақтың байы – ақыл-ойы рухани жағынан барынша жетіліп, нағыз кемеліне келген адам. Соны ғана қазақ халқы бай дейді. Ал жай ғана материалдық құндылықтарды жинаған адамды қазақ ешқашан бай деп мойындамаған», - деп жазады. Ал бүгінгі заманауи тілде байды -«меценат» дейміз!

Енді, біз Алаштықтардың осыдан бір ғасыр бұрын «Қазақ» газетінде көтерген дәстүрін жалғастыру мақсатында Семейде шығатын «Ақжолтай» газеті арқылы бүгінгі қазақ байларына үндеу жарияламақпыз! Әрине, тақырыбымыз екі түрлі болғанымен, мақсатымыз бір – қазақтың қамы!

Әрине,18 миллионнан астам халқы бар қазіргі Қазақстанның рухани-әлеуметтік өміріне өнеге болып жүрген байларымыз да жоқ емес. Құдайға шүкір, бүгінгі қазақ меценаттығы Бауыржан Оспанов («Zhersu» корпорациясы), Айдын Рахымбаев (BI Group), Кеңес Рақышев (Sat&Company) және т.б. жалғасып келеді. Сондықтан да мұны қазақ байларының меценаттық қызметінің «екінші кезеңі» деп айтуға болады.

Бірақ біздер бүгінгі таңдағы Қазақстан қоғамына сол қазақ меценаттарының бейнесін анықтап бере алдық па?Әрине, жоқ!

Керек десеңіз, мемлекеттің де ел ішіндегі  ең сенім артқан әлеуметтік тірегі - қазақ меценаттары екені рас. Олар қоғамның саяси-экономикалық, рухани-әлеуметтік жағынан дамуына және өркениеттілік тұрғыдан қалыптасуына өз септігін тигізіп, былайғы жұрттың да қаржылық және материалдық қажеттіліктерін өтеп отырады.

Дегенменде, қазақ меценаттарының барлық қадамын «бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң жауыңа найзаң тисін» деген бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеуіміз керек.

Меценаттар - дегеніміз қоғамдағы әлеуметтік топтың ірі өкілдерінің бірі. Олар қайырымдылық жасап, қолда бар нәрсені бөлісіп, халыққа көмектескеннен, ұлтқа қызмет істегеннен артық бақыт жоқ екенін өте терең түсініп әрі жақсы біледі. Сондықтан да меценаттың мінезін, қасиетін, келбетін, бүкіл бітім-болмысын қазіргі қоғам жақсы қабылдауда, түсінуде және соған орай бағалауда.Бұқара халық та олардың қамқорлығын сезіне бастады...

Солардың бірі қазақ меценаты Бауыржан Оспанов: «Екі ауылдағы спорт-интернат пен орта мектепке  Алматыдағы беделді оқу орындарын бітірген жас мамандарды алып келдік. Ауылға келген мұғалімдерге үй салып, ішіне жиһаздарын да орнаттық. Қолдарына бағатын мал да беріп қойдық. Жағдайы жақсы мұғалім үздік шәкірттерді тәрбиелейді» дейді.

Әрине, Бауыржан замандасымыздың бұл патриоттық пікірінен асырып, басқадай қалай деп айтуға болады? Өйткені, меценат деген ұғымның өзі де патриот терминінің баламасы іспеттес емес пе?

«Жас отау» бағдарламасы Нұрлы жер» бағдарламасымен ұштасады 

Әр отбасының өмірінде баспананың алар орны ерекше болғандықтан, оған деген сұраныс та өте жоғары. Бүгінгі күн тәртібіндегі өзекті мәселе де – осы!

Сондықтан да мемлекет баспана мәселесіне мейлінше қолайлы жағдай жасауда. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақстан 2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» жолдауында жан-жақты баяндалған.Әсіресе, Мемлекет басшысы жастарға үй салудағы инвесторлардытарту мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр.

Былтыр2017-2031 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы да қабылданды.  «Нұрлы жер» бұған дейінгі «Нұрлы жол» мен «Өңірлерді дамыту» бағдаламаларының жалғасы іспетті. Бұл бағдарлама бойынша 15 жылда 1,5 миллионға жуық қолжетімді тұрғын үй салу жоспарланған көрінеді. Бағдарламада үйсіздерге жер беру мәселесі де айтылған. Бұл ақпараттар құрылыс салушылар мен инвесторларды құрылысқа ынталандырып жатыр.

Ал халыққа арналған қолжетімді баспаналар салуда өзге тәсілдерге қарағанда кооперация әдісімен үй салу жеңілірек деп ойлаймыз.

Сонда кооперацияға бірігу дегеніміз не? Кооперацияға бірігу дегеніміз – біріншіден, аяққа нық тұрудың амалы (тиімді жолы, табысты жолы, төте жолы); екіншіден, заңды тұрғыда бірлесіп, мемлекеттің қолдауын алуға жағдай жасау. (Себебі, мемлекет әр адамға немесе әр үйге жеке-жеке қолдау білдіре алмайды); үшіншіден, жаңа заң бойынша кооперацияға біріктіру ерікті түрде жүргізіледі, ешқандай мәжбүрлеу болмайды. Оған қосылу-қосылмау адамдардың өз еркінде. Ондағы заңды тұлғаға айтарлықтай жұмыстар да жүктелмейді, тек мүше болса жетіп жатыр. Олар экономикалық көзқарас тұрғысында демократиялық үлгімен бірігеді; төртіншіден, әр адамның қосқан үлесі (жеке қаражаты, мал-мүлкі, жері, қора-жайы) өз меншігінде қалады, оның бизнесі заңмен қорғалады; бесіншіден, кооперацияға біріккенде мүшелері басшыларын өздері тағайындайды және жұмыс жарғысы мен оның регламентіне қарай өздеріне-өздері есеп беріп отырады; алтыншыдан, коммерциямен айналысуға мүмкіндік бар (бұрынғы заңда бұған тыйым салынған); жетіншіден, мемлекет тарапынан лизингке техника алуға қол жеткізеді (техника мен құрал-жабдық сатып алғанда 30 пайызын мемлекет төлейді); сегізіншіден, кооперация құру ісінде ең бір оңтайлы тәсіл қайтарымсыз субсидия; тоғызыншыдан, кооперация мүшелері өздерінің үлес пайызына қарай тиісті пайдасын алады; оныншыдан, жаңа заң негізінде кооперация мүшелерінің кепілдіксіз несие алуға мүмкіндігі ­бар.

Және кооперацияда жеке адамдар арасындағы азаматтық-құқықтық келісімшарт болады. Яғни, біреу үй салуға қаржысын  қосады, екіншісі оны салып беруге жауапкершілік алады деген сөз. Бұл қарым-қатынастар жөнінде «ҚР Тұрғын үй туралы» Заңында көрсетілген: «ҚР Азаматтары жер алып, оған үй салып, ұжымдық меншікке ие болады. Әркім бір бөліктің иесі болғандықтан, өз бөлігін еркінше алып, оны сата алады». Әрі бұл жеке адамдардың кооперацияны тіркемей-ақ атқара алатын құқықтары да...

Үй салуда кооператив пен инвесторларды тікелей келісім шартқа отырғызу -өте перспективті жоспар болып табылады.Бұлайша бірігіп үй салудың халық пен Үкіметке экономикалық жағынан пайдасы зор. Бір жағынан халыққа жеңіл, екіншіден Үкіметке де көмегі тиеді. Кооперацияның басты принципі де - «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген атам қазақтың сөзіне саяды. Өйткені ел Үкіметке қол жаймайды, мемлекет бюджетіне күш түсірмейді, өз мәселесін өзі шешіп жатады, оған тек жергілікті билік бөгет жасамай, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жермен көмектессе, онда кооперациялар халыққа қол жетімді үйлер салып берер еді. Басқаша айтқанда: жоқтан бар жасалынар еді. Бұл Үкіметке де үлкен демеу!

Осы мақсатта Елордада республикалық «Жас Отау» қоғамдық қорын құрдық.Мақсатымыз айқын – ол ұлт пен мемлекет мүддесі!

Қордың Тең Төрағалары:

Қажымқан Мәсімов –қоғам қайраткері, «Халықаралық Сократ сыйлығының» лауреаты, халықаралық «Іскерлік стандарты»сыйлығының иегері, Ресей Федерациясы академиясының толық мүшесі, «Жібек жолы» экономикалық белдеуінің Қазақстан, Ресей және Орталық Азия елдері жөніндегі атқарушы президенті, Ұлттық агроөнеркәсіп палатасының президенті.

Жасан Зекейұлы- Қоғам қайраткері,ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі,медицина ғылымдарының докторы,академик, Халықаралық «Сократ» орденінің иегері,Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Халықаралық Шығыстық емдеу академиясының академигі, «Алтын жүрек» сыйлығының иегері.

Қамқоршылық Кеңесінің мүшелері:

Жекен Қалиев - Мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, Қазақстанның Сыртқы  саясат қауымдастығының президенті.

Сәдібек Түгел -ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, жазушы, ҚР Жазушылар Одағы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, ҚР Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының академигі, Ұлттық Ат спорты Федерациясының президенті.

Ақылдастар алқасының мүшелері:

Сабыр Қасымов – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының кандидаты,ҚР «Құрмет» орденінің иегері.

Ирак Елекеев – қоғам қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген заңгері, ҚР «Құрмет» орденінің иегері,  ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.

Серік Ақылбай – қоғам қайраткері, «Құрмет белгісі» және ҚР «Құрмет» орденінің иегері.

Аталмыш қор бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жас отбасылар мен тұрмысы төмен отбасыларына кооперация (асар) әдісі бойынша қолжетімді үйлер салатын болады. Асар (кооперация) – бір отбасының қолынан келмейтін үлкен жұмыстарды ауыл адамдары бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірігіп атқарады.

Ал біз ұсынып отырған бағдарламаға қатысатындар нақты үш топқа - «төлем қабілеттілігі бар», «төлем қабілеттілігі орташа», «төлем қабілеттілігі жоқ» азаматтар болып бөлінетіндіктен,олардың әлеуетіне сай, баспананың қолжетімділігін арттырып, эконом-классқа жататын үйлер саламыз.

Осыған орай, қордың тарапынан атқарылуы тиіс жұмыстардың жоспары  бекітілді:

  1. Қала сыртынан қол жетімді үйлер салу үшін Үкіметтен тегін жер сұрау;

2.Заманауи үнемді технологияларды пайдалана отырып, шағын және орташа көлемді 2-3 қабатты қолжетімді үйлер мен жастарға арналған ықшам аудандар (микро район) салу; 

  1. «Жас Отау» қорының кооперативтік жұмысын ұйымдастырып, қадағалау;
  2. Жер-жердегі кәсіпорындардың басшыларына аса қымбат емес заманауи технология ұсынып, үйсіз жүрген жұмысшыларына арнап жатақханалар салу іс-шараларын ұйымдастыру;
  3. Ішкі және сыртқы инвесторлардан қайтарымды қаражат алуға қол жеткізу (Бұл біздің тұтынушыларға бастапқы жарнасыз үй алуына мүмкіндік береді. Қайтарымды қарыз жұмыс істейтін отбасылардың кірісіне қарай үстеме пайызсыз 1 жылдан 5 жылға дейін беріледі).

6.Еліміздің болашағына бей-жай қарай алмайтын меценаттарды осы игілікті де абыройлы іске үлес қосуға шақырып, жұмысқа тарту.Меценаттардың қалауына қарай қайырымдылық мақсаттағы қаражатқа жетім-жесірлер мен мүгедектерге арналған қолжетімді үйлер салу;

7.«Жасыл экономика» бағдарламасына сай, Қазақстанда бұрын-соңды болмаған тың жоба – инновациялық толық автономды термос үйлер салу. Бұл үйлер жарық пен жылуды күн мен желден алатындықтан, энергиясы мен суы толық автономды болады. Термос үйлердің әр шаршы метрін 60-80 мың теңгеден асырмау көзделуде. Сонда 20-30 шаршы метр бөлмелердің құны 1,2 миллион теңгеден 2 миллион теңгеге дейінгі аралықта болады. Яғни, жас отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар қарызды ай сайын 50-100 мың теңгеден төлеп, 1-2 жылдың ішінде пәтерге қол жеткізе алады.

8.Қордың жұмысы жалпыхалықтық сипат алу үшін, барлық облыс орталықтарынан филиалдар ашу.

Қазақ меценаттарына үндеу!

Біз,Республикалық «Жас Отау» қоғамдық қоры қазақ меценаттарына ашық үндеу тастаймыз: Сіздер мемлекетіміздің дамуы үшін ұйымдастырылған барлық іс-шараларға қолдау көрсетіп, демеушілік жасап келесіздер. Бұлайша ұлтқа қызмет ету міндеті - қайраткерліктің бір қыры болып саналады.Сөйтсек те, бүгінгі таңда жас отбасылар мен жағдайы төмен отбасыларына жасалған қамқорлықтың орны бөлек. «Төзім тамаша сипат. Бірақ шексіз ұзақ төзе беруге өмір тым қысқа ғой» дегендей (М.Әуезов), үй-жайы жоқ адамдардың психологиясы да әлсіз келетіндіктен, олар теріс жолға тез түсіп, басқа діндер мен түрлі ағымдардың жетегінде кетеді. Бұл енді, мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс емес пе?Ал үйсіздік пен күйсіздіктің салдары халқымыздың саны мен сапасына кері әсерін тигізетіні айдан анық.

Жастарымыз үйлі-күйлі болып өмір сүрсе, онда мемлекетіміз де бай, көңіліміз де жай болар еді.«Елдің пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде» демекші (Абай), үй салу да мешіт тұрғызу сияқты сауапты іс емес пе?Сол үшін де мұны шығын емес, берекелі несібе деп біліңіз, қадірлі қазақ меценаты! Бұлигілікті ұлттық іске қайтарымды және қайтарымсыз қаражат салыңыз, одан Сіздің еш ұтылмасыңызға кепілдік береміз! Осы бастаманы құп көріп, оның мәнін, мақсатын түсінетініңізге кәміл сенеміз, құрметті меценат мырза!

Таяуда ғана, Қазақстанның 14 облысында қолжетімді үйлер мен ықшам аудандар (микрорайондар) салу жөніндегі «Жас Отау» қорының бастамасына қолдау көрсету туралы  «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары М.А. Құлмұхамедтің ресми рұқсатын алдық. Осыған орай, бізді «Нұр Отан» партиясының Хатшысы Ғ.Ә. Әбдірахымов арнайы қабылдады. Ғабидолла Рахматоллаұлымен екі жарым сағатқа созылған іскерлік әңгіменің нәтижесінде, бірнеше облыс әкіміне «Нұр Отан» партиясының атынан ресми хаттар жіберілетін болып келісілді. Бүгінде  облыс әкімдерінің біздің бастамамызға жан-жақты көмек көрсету жайлы қолдау хаттары да келіп жатыр.

Қазіргі таңда мұндай ықшам аудандарды Ақтөбе, Маңғыстау, Алматы, Ақмола және тағы бірқатар облыстарда салуды жоспарлап отырмыз. Ықшам аудандар салу ҚР Кооперациялар туралы заңының  аясында іске асырылатын болады. Бұл үйлердің типіне қарай бір шаршы метрінің бағасы70-100 мың теңге (200-300$) арасында болады. Бұл экономикалық тұрғыдан піскен нақты ең қолжетімді ұсыныс!

Өздеріңізге мәлім, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауында экономиканың толыққанды драйвері ретінде құрылыс секторын одан әрі дамыту міндетін жүктеп отыр.

Жас отбасыларына көмектесу үшін арнайы құрылған қоғамдық қор жастарымыздың баспаналы болуына күллі қоғамның мүдделі болып, ат салысуы қажет деп санайды. Өйткені жастар біздің болашағымыздың кепілі! Егер сіз бен біз болып, жастарға қол ұшын созып,үйсіздік пен күйсіздіктен құтқарып қалмасақ,  болашағымызды тежейтініміз анық. Сондықтан да, меценаттардан осы игілікті іске ат салысып, «Жас Отау» қорына қайтарымды қаражат салуға шақырамыз. Қайтарымды қаражат міндетті түрде  қайтарылады. Кепілдік ретінде салынған үй мен жер тұрады.

Біздер осы жоспарларымызды  іске асыру барысында халыққа беделді, жұртқа сөзі жүретін өздеріңіздей қайырымды ел ағаларына үміт артамыз!

Славян мен қытай, ислам мен батыс өркениетінің тоғысында орналасқан мәртебелі Қазақ елінің қадірменді меценаттары! Бұл енді ғана қаз тұра бастаған «Жас Отау» қоғамдық қоры мен бизнестің ірі өкілдерінің тізе қоса қимылдайтын алғашқы құтты қадамы болмақ!Жастар мен болашақ ұрпақ біздерден нақты тәуекелдер мен нақты істер күтеді. Шетте қалмай, қолдау көрсетіңіздер!

Республикалық «Жас Отау» қоғамдық қорының құрылтайшылары:

Академик  Жасан Зекейұлы,

Кәсіпкер Асхат Базарханұлы,

Алаштанушы Айдын Ырысбекұлы.

 

«Жас Отау» республикалық қоғамдық қорының мекен жайы:

Астана қаласы,

Тлендиев көшесі 15,

8 (7172) 252-414, 8-777-331-69-21

Zhasotau.fond@mail.ru

Оценить материал
0