Наверх

Погода в Астане:06 июня, вечер: +19° 3 м/с07 июня, ночь: +16° 1 м/с07 июня, утро: +21° 2 м/с07 июня, день: +26° 3 м/с

Кімдер келіп, кетпеген бұл жалғаннан, айрылдық биыл талай тұлғалардан...

2375
Фото: Ашық ақпарат көзінен.

Тағы бір жыл жылжып өтіп барады, соңынан мәңгіліктің кемесіне мінгізіп, талай тұлғаны арамыздан алыстатып, әкетіп барады, Объектив.kz халықтың жүрегінен орын алған жандар бейнесін еске алады...

Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қараманов өмірден өтті. Ұзақбай Қараманов 1937 жылы 29 тамызда Қызылорда облысындағы Арал ауданының Ұялы ауылында туған.

1989 жылғы шілдеде  Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы, 1990 жылғы қарашада Қазақ КСР-інің Премьер-Министрі болып тағайындалды. КСР Жоғарғы Кеңесінің XII, XIII шақырылымдарының, екінші шақырылымдағы (1999-2004 жылдар) және үшінші шақырылымдағы (2004-2007 жылдар) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 

Ұзақбай Қараманов ІІ дәрежелі «Барыс», Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және көптеген медальдармен, құрметті атақтармен марапатталған. 
Ұзақбай Қараманов қазіргі Қазақстанның қалыптасуына, республиканың құрылыс саласының дамуына елеулі үлес қосты.

  Қазақтың аса көрнекті ақыны, Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұзафар Әлімбаев 95 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Мұзафар Әлімбаев 1923 жылы 29 қазанда Павлодар облысы Шарбақты ауданындағы Маралды ауылында дүниеге келген. ҚазМУ-ді тәмамдаған.

1948 жылы Армиядан оралған соң, «Пионер» журналында поэзия бөлімін басқарған. 1956-1958 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, Бас редактордың орынбасары. 1958 жылы «Балдырған» журналы ашылған күннен 1986 жылға дейін журналдың Бас редакторы болды. 
Алғашқы кітабы - «Қарағанды жырлары» 1952 жылы басылып шықты. Содан бері бірнеше ондаған кітабы, бірнеше дүркін таңдамалылары, туысқан халықтар тілінде көптеген жинағы шықты. 
Жүз сексен әнге өлең жазды. 64 төл тума және аударма кітаптардың авторы.

78 жасында  Семейде белгілі Абайтанушы Төкен Ибрагимов өмірден өтті. Белгілі жазушы, сыншы, әдебиет пен өнер зерттеушісі Төкен Ибрагимов  34 жыл бойы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін басқарды. Ол  бұрынғы Семей облысы Ақсуат ауданы «Жаңа несіп» колхозының Кезеңшілік деген жерінде 1939 жылы дүниеге

келген. 1958 жылы Алматыдағы КАЗПИ-дің тарих-филология факультетіне түсіп, 1964 жылы аяқтаған.

1996 жылы Төкен Ибрагимовқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағы беріліп, 1998 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған. Жұртшылыққа ұлы Абай мұрасы, жалпы қазақ поэзиясы, мәдениеті жайлы зерттеу еңбектері арқылы кеңінен танымал қаламгер «Өлең өрісі» (1979 ж.), 1999 жылы «Оймен оңаша» атты поэзиясы, «Индираға хат», «Толқын толғау» (2001 ж.) монографиясының, «Сағыныш», «Қара бұзау», «Сары құс» әңгімелерінің, «Жаза» операсының либреттосы т.б. екі жүзден астам әдеби-сын, әдеби зерттеу, абайтану еңбектерінің авторы.

Биыл еліміздің  дамуына ерен еңбегімен ерекше үлес қосқан, даңқты механизатор, тың ардагері, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Байғазықызы Дөненбаева 80 жасқа қараған шағында дүние салды.

Кәмшат Дөненбаева 1937 жылы Қостанай облысы ,Ұзынкөл ауданы Ленин совхозында туған. Еңбек жолын Ұзынкөл элеваторында бастаған. 1961 жылдан Қостанай облысы Боровский ауданы «Харьковский» совхозында механизатор болып еңбек еткен.

1980-1985 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ұлттар Кеңесі төрағасының орынбасары болды. 1976 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Екі рет Ленин орденімен, Құрмет белгісі орденімен марапатталған. Қостанай облысының және Қостанай қаласының құрметті азаматы.

Қазақ кино өнерінде ерекше орны бар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинотанушы Бауыржан Нөгербек 70-ке қараған шағында қайтыс болды.

Бауыржан Рамазанұлы Нөгербек 1948 жылы 6 тамызда Қарағанды  облысы Ұлытау ауданы ,Ұлытау ауылында дүниеге келген. 1989 жылы өнертану ғылымының кандидаты, 1999 жылы Қазақстанның еңбек  сіңірген қайраткері  атағын алды.

1993 жылдан қазіргі Қазақ ұлттық өнер академиясында қызмет етіп, 2001 жылданбастап кафедра меңгерушісі қызметін атқарған. Ол қазақ мультипликациялық кино саласын («Ертегілерге тіл біткенде». Қазақстанның мультипликациялық киносы, 1984), сондай-ақ кино өнерінің көкейкесті мәселелерін («Қазақстан киносы», 1998) зерттеумен шұғылданды.

72 жасында өнерімен елінің құрметіне бөленген, халық жадында Төлеген болып жатталған кино және театр актері Құман Тастанбеков  өмірден озды.

Құман Нұрмағанұлы Тастанбеков 1945 жылы 10 наурызда Алматы облысы Сарқант ауданы Екіаша ауылында дүниеге келген. Актер, ҚР-ның халық артисі (1993 ж.). 1969 жылы Алматы мемлекеттік өнер институтының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) актерлік факультетін (ұстазы – профессор Х.Бөкеева) бітірген соң, Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының құрамына қабылданды. Оның алғаш ойнаған рөлі – “Қыз Жібек” фильміндегі Төлеген (1970 ж.). Бұдан кейін “Қыс – мазасыз маусым”, “Ағам менің”, “Ерекше күн”, “Аққулар ұшып келеді”, “Махаббат жаңғырығы”, “Ағама арналған қалыңдық”, “Қараша қаздар қайтқанда”, “Провинциялық хикая”, “Алаң шеті”, “Өрнек”, т.б. Фильмдеріне түсті.
Театр сахнасында да талай рөлдерді сомдады.«Құрмет», «Парасат» орденімен марапатталған. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері.

Қаламгер,танымал журналист, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Жұмабек Кенжалин 63 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Ж.Кенжалин журналистік жолын 1981 жылы «Егемен Қазақстан» («Социалистік Қазақстан») газетінен бастаған. 1986-1988 жылдары «Зерде»  журналында жауапты хатшы, бас редактордың міндетін атқарушы, 1994 жылдан «Халық кеңесі» газетінің бас редакторы болды. 1996 жылдан «Ақиқат» журналының бас редакторы,1997-1999 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарды.

1999 жылдан 2007 жылға дейін «Қазақ газеттері» ЖАҚ-ның президенті, бас директоры, «Ана тілі» ұлттық апталығының, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы қызметтерінде болды. «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры  – редакторлар  кеңесінің төрағасы қызметін атқарып  келді. 

Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты (2006 ж.), ҚР Журналистер Академиясының толық мүшесі-академигі (2001 ж), Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері (2004 ж.), «Құрмет» орденінің (2009ж.), Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медалінің (2011ж.) иегері.

Қазақстан футболы тарихындағы үздік ойыншылардың бірі, «Қайраттың» көп жылғы капитаны Тимур Сегізбаев 76 жасында қайтыс болды.

Алматы футболының түлегі Тимур Сегізбаевтың бүкіл спорттық мансабы «Қайратпен» байланысты. Ол команданың сапында 1958 жылдан 1970 жылға дейін 200-ден аса матч өткізген.

Тимур Сегізбаев 1971 жылдан 1988 жылға дейін бапкерлік қызмет атқарды. Ол Қызылорданың «Автомобилист», Қарағандының «Шахтер», Шымкенттің «Мелиоратор» және «Қайрат» командаларын жаттықтырды. Сонымен қатар ол Йемен құрама командасының бас бапкері болды.

Ия, биылғы жыл бұдан басқа да қоғамымызда өз орны бар, еңбегімен, өнерімен ел дамуына өз үлестерін  қосқан талай жандарды  арамыздан алыстатып , тарих қойнауына еніп барады. Елім деп еңбек еткен тұлғалар есімі халық жүрегі мен жадында мәңгі сақталмақ.

Оценить материал
0