Наверх

Погода в Астане: 19 мая, вечер: +15° 9 м/с20 мая, ночь: +10° 5 м/с20 мая, утро: +13° 9 м/с20 мая, день: +17° 11 м/с

«Бір адам жаққан отқа, мың адам жылынады»

4459
Фото: Әкім Ысқақтың мұрағатынан.

10 - желтоқсан күні қазақ елінің астанасы Ақмолаға ауыстырылғанына 20 жыл толды. Менің есіме осыдан 20 жыл бұрын сол тарихи оқиғадан «Қазақстан» ұлттық арнасында әріптесім марқұм Дүкеш Әлиұлы Бәйімбетов екеуміз бүкіл республика жұртына тәуелсіз елдің тарихында өз еркімен таңдалған елордасынан арнайы репортаж дайындағанымыз, сол ақжолтай хабарды халыққа жеткізгеніміз түсті. Дәл сол күні  қос палаталы Парламенттің бірлескен отырысында ҚР Президенті Н.Назарбаев ел астанасын Ақмола қаласы деп арнайы жариялаған болатын.

Сол тарихи оқиғадан кейін үш күннен соң, жаңа астанада тағы бір жан жадыратар жаңалық болды. 1997 жылдың 13 желтоқсанында Мемлекет басшысы тұңғыш қазақ тілінде дайындалған «Халықтың көші–қоны туралы» Заңына қол қойды. Бұл елорда төрінде алғаш қол қойылған заң болса, Қазақстан Парламентінің тарихында да тұңғыш қазақша дайындалып, қабылданған ерекше құжат ретінде белгілі.

Ғасыр тоғысында қабылданған бұл заң кезіндегі салқын саясат салдарынан дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған ағайынды аңсаған атажұртына оралтуға үлкен үлес қосқан болатын. Осы заң қабылданғаннан кейінгі уақыт аралығында елімізге алыс, жақын шетелдерден 1 миллионнан астам қандастарымыз оралған.

Бүгін сол сан жүрекке сәулесін түсіріп, қасиетті туған жер ұғымын көңіл түкпірлерінде бойтұмардай сақтаған алыстағы ағайынның отанына оралуына деген үміт отын жаққан, арнайы елге келуге мүмкіндік ашқан тарихи деп атауға тұрарлық көші-қон заңының қабылданғанына - 20 жыл толып отыр.  

Әрине, сол кезде Үкімет дайындаған көші-қон туралы заңға балама түрде дайындалған бұл заң жобасы туралы көпшілік әлі күнге дейін жыр етіп айтады.

Бүкілхалықтық талқылауға ұсынылған заң жобасына «Егемен Қазақстан» және» «Қазақ елі» газеттерінде жарияланғаннан бастап, зиялы қауым бас болып, халық қоштап, шет елден келген қандастар ат салысып, бір сөзбен айтқанда елді біріктірген заң жобасы болған.

1997 жылдың қаңтарынан – желтоқсанға дейін қызу талқыланған, яғни 11 айдан кейін барып қана қабылданған заңға қатысты Парламент қабырғасында 42 отырыс  арналыпты.

Көз алдымызда көркейген, қанатын кеңге жайған  Астана төрінде  «елге ел қосылса - құт» демекші, осы заң негізінде тәуелсіз еліне оралып, білім алып, қолдарынан келгенше ұлтқа қызмет қылып жүрген қаншама  қандастарымыз бар.

Сол кезде басқа әріптестерімізбен бірге күн сайын жаңа елорданың жаңалықтарын жеткізуге асығатынбыз. Заң қабылданғаннан кейін оған бастамашы болған, жыл бойы балама жобасын асқан қайраткерлікпен қорғаған, депутат Әкім Ысқақты  ұлттық арнадағы тікелей эфирде өтетін «Отандастар» хабарына шақырып, сұхбаттасудың сәті түскен. Әрине жарты сағат уақытта бүкіл республика жұртшылығының  қойған сауалдарына жауап беріп, көрермендердің тоқтаусыз айтқан игі лебіздерін эфирде толық жеткізу мүмкін емес еді.

Одан кейін де Парламенттегі халыққа қажетті мәселелерге қатысты дайындалған апталық бағдарламаларда өзіндік ұстанымдарын білдіретін депутаттардың қатарында жиі пікірлерін беріп жүрдім. Содан бері зырлаған уақыт жетегінде 20 жыл өте шығыпты.

- Әкім Әбдіқайымұлы, осыдан 20 жылға шегініс жасасақ, өткен күннің естелігін дәл сол кездегідей жеткізе алар ма едіңіз?

- Мен ол кезде 37 жаста едім, қазір ойлап қарасам, мүшел жасымда екенмін ғой, өзім мүшесі болып табылатын Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетіне көші-қон туралы Заң келіп түсті. Бұл 23- қаңтар 1997 жыл, Үкімет дайындап Парламентке берген. Комитет төрағасы Ө.Жолдасбеков заң жобасын маған берді. Содан сол заң жобасына жетекші болып тағайындалдым. Жобамен танысқаннан кейін онда қаншама кемшіліктердің барлығын  байқадым. Тіпті басқасын былай қойғанда, елімізге көшіп келген адамдарға мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлу мәселесі қарастырылмаған. Керісінше Қазақстаннан сыртқа кететіндерге, басқа елге көшетіндерге республикалық бюджеттен қаржы бөлу туралы бап енгізілген.Енді өзіңіз ойлап көрсеңіз, біздің елге келетіндер кім, ал елден кетіп жатқандар кімдер, мәселенің мәнісін айтпай-ақ түсінуге болатын шығар. Атажұртын аңсап келгендерге жергілікті бюджеттің онсыз да жетпей жатқан қаржысынан алу керек те, ал осындағы үйін,бар-мүлкін сатып,қалтасын қампайтып бара жатқандарға республикалық бюджеттен тағы қаржы беріп шығарып салу керек.Тағы бір қынжыларлық жағдай репатриантар мен босқындар мәртебесін біріктіріп жіберген. Керісінше отандастарға ерекше мән берілген. Ал ол ұғымға елімізде өмірге келген әрбір азамат ұлтына қарамай бәрі кіреді.Осының бәрін саралай келе, менің Үкімет ұсынған заң жобасынан бас тартуыма тура келді, бір-екі бабын өзгерткенмен, түбі шикі дүниеден сырттан келетін бауырлардың барлық құқықтарын қорғайтын заң  жазып, дайындау мүмкін емес-тұғын.   

Содан ойлана келе, жұмысшы тобының жетекшілігінен бас тартып, депутаттық өкілеттілігімді пайдаланып, өзім балама түрде заң жобасын ұсынуға бел байладым.Көшіп қонғанның сырын басынан кешірген ғана адам біледі дегендей,алдымен жаныма елге оралған қандастарды жинадым. Олардың кейбірінің тіпті азаматтық құжаттары болмағандықтан, Парламентке жәй кіргізудің өзі қандай қиын болды, ақыры  ондай жеңіл-желпі кедергілерді жеңдік.Көмек қолын созған оншақты жанның ішінен Қайрат Бодауханұлы мен Алмас Ахметбекті жұмысшы тобына енгіздім.

Бұрынғы Еңбек министрлігі мен Әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі қайта құрылымдалып, оның орнына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі құрылған болтын. Сөйтіп, ол ведомствоға жаңа министр келді. Ол жаңа заң жобасымен таныса сала, ондағы «Көші-қон қорын құру» туралы бапты сызып тастағанымен қоймай,енді ғана жұмысы жөнделіп келе жатқан Көші-қон департаментін жойып, басқарма ретінде ғана қалдырды.    

Бұрын еңбек шартымен келген қандастарымыздың тиісті қаржыларын ала алмай, кейбірі барған жерлерінде  көрген қиындықтардан көш бетін қайта кейін қарай бұрған кездер де болды.

Осының бәрін ойластыра келе, мен көші-қонмен айналысатын уәкілетті органның тек тікелей Президентке бағынатын етіп құру қажеттігін, олай болмаған күнде бұл мәселенің түбегейлі шешілмейтінін түсіндім.

- Сонымен, қос жобаны бірге талқылау басталды ғой, соңында Үкімет өздері ұсынған жобамен бірге өзіңіздің балама заң жобасын қорғау оңай емес,сізді жеңіске жетелеген қандай күш?

- Әрине, кедергілер аз болған жоқ.Бірінің шешімін тапқан сәтте екіншісі дайын тұрды. Алдымен, Үкіметтен заңды қорғайтын өкілдері «орыс тіліндегі аудармасы болмаса, түсінбейміз,қазақша жобасын талқылауға» деп шықты, мен ойлаппын оны аудармашыларға берсек болды деп, жеме-жемге келгенде ешқашан тарихта қазақ тілінен орыс тіліне ешқандай ресми құжат аударылмағанын, ондай аудармашы да жоқ екенін білдім. Сөйтіп,бір отырыста Мәжіліс төрағасы Марат Оспановқа «менің жобамды аудару қиын болып жатыр,көмектесіңіз» деп өтініш жасадым. Ол кісі өте сабырлы, байыпты, адамгершілігі зор азамат еді ғой. Аппарат басшысына тапсырма беріп, өзім Әділет министрлігінен аудармашы тауып, Парламент тарихында осы заңның арқасында ілеспе аударма пайда болды. Заңның қазір қазақшасын түсінбейміз десе, нақ сол кезде орысша аудармасы нашар деп сын айтылғанын естідік қой. Одан  кейін тиісті сараптама қажет деп шықты. Еліміздегі бірнеше ғылыми-зерттеу институттары сараптамадан өткізіп,қорытынды әзірлеп берді. Ақыры, Мәжіліс балама заң жобасын қарау жөнінде шешім  шығарды. Осы кезде балама жобаны еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» мен «Қазақ елі» газеттеріне бүкілхалықтық талқылауға ұсындым.Халықтың шынайы ықыласын сонда сезіндім. Ақ жолтай үміттерін кейбірі хат арқылы білдірсе, бірі қандай да қол ұшын беруге әзер екенін айтып, арнайы іздеп келіп жатты.Ал қаншама адам өз пікірлерін газеттерге жариялап жатты. Хат пен жеделхаттың тасқын судай ағылған сәті еді.

Құжат сол кездегі Президент жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңесте қаралды. Кеңестің төрағасының орынбасары Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбай, хатшысы жазушы Төлен Әбдік, мүшелері С.Зиманов, М.Қозыбаев, Ж.Әбділдин, К.Сағадиев, Г.Бельгер, М.Есеналиев, А.Гаркавец, Н.Оразалин барлығы да балама жобаның басым жақтарын қолдап шықты. Бір атап өтерлігі,  заңгер-академик ағамыз Салық Зиманов Мәжіліс төрағасына өз атынан ресми хат жолдап,балама жобаның барлық артықшылықтарын айта келіп: « Үкімет ұсынған заң заман талабына сай емес, құқықтық мәртебесі төмен» деп жазды.

Сонымен,шешуші сәт те келіп жетті. 1997 жылғы 14 мамыр. Бұл күнді кез келген уақытта сұраса да айта алатын шығармын. Алдымен министр  сөйлеп, балама жобаның атының өзін мысқылмен жеткізгенімен қоймай, « біз ұсынып отырған жоба барлық Қазақстандықтарға арналған, біз оны Отандастарымызға арнап жаздық», деді. Жаным жараланып,қазақы намыс бойымды кернеп кетті. Қасымдағы депутаттар сабырға шақырып,мінбеге шығып сөзімді бастайын десем,баяндамамды отырған орнымда қалдырып кетіпппін. Содан оны қайта алуға уақыт жоқ, сол кезде ата-баба әруағы қолдаған шығар, атажұртын аңсаған қандастарымыздың ақ тілегі шығар еш мүдірмей, аузымнан түйдек-түйдек сөздер өз-өзінен шығып жатыр, тоқтаусыз сөйлеп тұрғанымды білемін...

Ата-бабамыз дегеннен шығады,тіпті бір кезде ойыма оралған жыраулардың толғауларын өзімше бүгінгі жағдайға бейімдеп, қосып алып сөйлеп кетсем керек:

- -   Ар жетім болар егер де,

Арыңды біреу лайласа.

Бақ жетім болар егер де,

Бағыңды біреу байласа.

 Сөз жетім болар егер де,

Сөзіңе ешкім нанбаса.

 Көз жетім болар егер де,

 Көз қырын ешкім салмаса.

 Сыр жетім болар егер де,

 Сырласар досың болмаса.

 Қыр жетім болар егер де,

 Қырларға гүлдер толмаса.

 Көл жетім болар егер де,

 Аққу-қаздар қонбаса.

 Жан жетім болар егер де,

 Өз Отаны болмаса,

 Қазақ жетім болар егер де,

Өз елінде өз перзенті болмаса! – деп екпін алып өзімді тоқтата алмай кеттім.

Тоқтау да мүмкін емес еді.Аузым емес, жүрегім сөйлеп тұрғандай. Мәжіліс Төрағасы Марат Оспановқа көз салсам, ол кісі компьютеріне қарай еңкейіп, көз жасын сүртіп отыр екен. Сөйтсем, мен өзім де жылап тұр екенмін ғой...

Сол күні,3 депутат қана қарсы болып, қалғандары қолдап дауыс беріп, балама заң жобасы  басымдыққа ие болды.. Міне,бұл күн тек менің ғана емес,бүкіл қазақ халқының, біздің ана тіліміздің жеңісі еді! Бұрынғы кенестік жүйедегі, тұңғыш қазақ қалыптасқан шекара бұзылып тілінде жазылған заң жобасы Қазақ парламентаризмінің төріне осылай енді..

- Сізбен елордасының Ақмолаға қоныс аударып, астана болып жарияланғанына 20 жыл толған күні сұхбаттасып отырмыз. Астана осы жылдар ішінде көз қуанатындай әсем қалаға айналды. Әлем көз тіккен ел өміріндегі айтулы шаралардың бәрі осында өтіп жатыр. Бұдан 20 жыл бұрын заңгер ретінде танылған Әкімді, қазір жұрт сазгер ретінде де таниды. Алдымен,  ана тілімізде заң жазып,тілдің мәртебесін көтерсеңіз, одан кейін атажұртын аңсаған жандардың жүрекжарды сөздеріндей «Көк тудың желбірегені» деп көптің көңілінен шыққан ән жаздыңыз, сізге шабыт сыйлаған Астана ма?

- Заңгерлік білімім бар екені рас, депутат болдым, мемлекеттік қызметтерде жүрмін. Енді сазгерлікке ауысып кеттім деп айта алмаймын. Он жыл білім саласында ,мұғалімдіктен бастадым ғой еңбек жолымды.Сол кездерде мектеп оқушыларын мақтаға апарғанда олардың жас ерекшеліктерін ескеріп,балаларға әннің сөзін де, әуенін де өзім  жазатынмын. Ол жәй хобби, әуестік деңгейінде шығар. Ал,Астанада өзімнің шығармашылығымды таныстырған сәтім, 2007 жылы Конгресс-Холлда «Жүректегі жазулар» атты шығармашылық кешімді өткізген кезде.

Сол жылы қос анам өмірден өтті. Оның бәрін, сол уақыттағы көңіл-күйімді, қайғымды сөзбен жеткізе алмаспын. Маған соның бәрін жүрегіммен өткізуге,бір серпілуге әсер еткен шығармашылығым болды. Маржан Арапбаева кешімде «Соңғы вальс» әнімді алғаш орындады. Халық жақсы қабылдағаннан шығар,бүгінде барлық мектеп бітірушілердің кешінде осы ән орындалады. Одан кейін «Көңіл қымбат» әнім де көпшілік көңілінен шыққан ән ретінде бағаланып жүр. «Көк тудың желбірегені»   марш ретінде менің әуеніммен орындалып жүрді. Астанада бірнеше жыр жинақтарым, кітаптарым шықты. Қазір афоризмдермен шұғылданып жүрмін. Әннің тағдыры да - адамның тағдыры сияқты, біреуінің бағы жанады,орындаушысын тез тауып, хитқа айналып шыға келеді, біреуі уақытын күтеді,әншісін тапқанша. Әңгімені заңнан бастадық қой, міне ол заң қабылданғанына да 20 жыл өтіпті, осы жылдар ішінде қаншама қандастарымыз елге оралды,өздерінің қабілет-қарымын, барлық талант-дарынын туған елін көркейтуге арнап жүр.Олардың арасында танымал жандардың бәрін білесіздер.Тіпті Солтүстік өңірлерге іссапармен барған кезде,алдыңнан ана тілінде сөйлеп шығатындардың көбі атажұртына келген қандастарымыз. Тілі шұрайлы,БАҚ салаларында жүрген ұл-қыздардың ішінде де олардың өзіндік қолтаңбасы ерекшеленіп тұрады. Мен жазған заңның негізінде елге ағылған Ұлы көш керуеннің ешқашан кедергіге кездесіп тоқтамағанын тілеймін.Заңның кейбір баптары өзгерер, заман талабына сай толықтырулар енгізілер,бірақ сол игі істің бастауында болғанымды, осыдан 20 жыл бұрынғы күн-түн демей, көз ілмей,114 депутаттың алдына барып түсіндірген кездерім, ел ағаларының жарайсың деп арқамнан қағып,ақ тілектерін білдірген сәттерінің бәрі қайта көз алдымнан бір өткендей болды.  

- Көк туымыз бен өз тіліміздің мәртебесін биікке көтерген азаматтың ақ тілегін тыңдап,  ойыма оралған халық даналығындағы «Бір адам жаққан отқа ,мың адам жылынады» деген сөзді сұхбаттың тақырыбына қойдым.     

 

Біздің анықтама

Әкім Ысқақ 1960 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Бөржар ауылында туған. Шымкент педагогика институтының физика және Алматы мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. 

1980 жылдан өзі оқыған Абай атындағы орта мектептің мұғалімі, 1990 жылы Бөген аудандық партия комитетінің идеология бөлімінің нұсқаушысы, республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облыстарындағы меншікті тілшісі. 1991 жылы халық депутаттары Шымкент облыстық кеңесінің баспасөз хатшысы, 1992 жылдан Ордабасы ауданы білім бөлімінің меңгерушісі болған.

1995 жылы желтоқсанда баламалы негізде Қазақстан Республикалық Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Қазақстан парламентаризмінде тұңғыш қазақ тілінде, әрі Үкіметке баламалы негізде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы.

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. 1997 жылы «Жыл адамы» атағын алған. Философиялық тәлім-тәрбиеге негізделген «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін» атты эссе-кітаптары жарық көрген.

Көптеген әндердің авторы. «Көңіл қымбат» (2008), «Досыма» (2009) атты ән-альбомдары, «Жүректегі жазулар» атты DVD жинағы жарыққа шыққан. Шығармалары орыс, өзбек, түркімен тілдеріне аударылған.   Ордабасы ауданының Құрметті азаматы. «Ерен еңбегі үшін», «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Парламентіне 10 жыл», «Астана» медальдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамотасымен марапатталған.

Сұхбаттасқан: Базаргүл Сейітжанқызы.

Оценить материал
0