Ақтөбелік азамат Есет батырдың 350 жылдығына ескерткіш орнатты

Ақтөбе қаласынан оңтүстікке қарай 30 шақырым қашықтықта орналасқан Бестамақ ауылында қазақ халқының даңқты перзенті Есет батыр Көкіұлының 350 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілді. Бұл туралы облыс әкімінің сайтында жарияланды.
Салтанатты шараға Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.
Шараның басты оқиғасы - Есет батырдың ат үстіндегі мүсіні ескерткішінің ашылуы болды. Шыны-пластиктен жасалған ескерткіштің биіктігі - 11,5 метр, салмағы - 1,5 тонна. Жергілікті кәсіпкер Нұрлан Сағналин ескерткішті орналастыру және аумақты көріктендіру үшін «Tуған жерге тағзым» акциясы аясында 32 миллион теңге бөлді.
«Қазақ халқында «Өткенсіз бүгін жоқ» деген мақал бар. Сондықтан біз мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының бағдарламасына сәйкес тарихымызды, рухани құндылықтарымызды жаңғыртудамыз. Басты мақсат - жас ұрпақты халыққа деген сүйіспеншілікке, өз елінің патриоты болуға, туған жерін құрметтеуге және қорғауға үйрету. Бұл ескерткіштің ашылуы - жастарға үлкен үлгі, өнеге», - деді облыс әкімі.
Есет батыр Көкіұлы – қазақтың қол бастаған белгілі батыры, тархан – жоғары әскери-рулық ақсүйек өкілі. Ол жарты ғасырдан астам уақыт бойы жоңғарлар мен Еділ қалмақтарына қарсы күрескен, Әбілқайыр ханның үзеңгілес серігі болған.