Серік Нақыспековтың «Спартактағы» дебюті

Спартак – балет репертуарындағы ең батыл да қайратты рөлдердің бірі. Халықаралық байқаулардың лауреаты, «Астана Опера» солисі Серік Нақыспеков үшін А.Хачатурянның атақты «Спартак» балетіндегі басты партияда дебют жасау – көздеген мақсатына жету болып табылады. Аты аңызға айналған хореограф Ю.Н.Григоровичтің қойылымындағы спектакль 24 қаңтар күні 19.00-де Үлкен зал сахнасында өтеді, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметінен.
- Бұл менің алғашқы жетекші партиям, оны тәлімгер-ұстаз, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Константин Заклинскиймен бірге дайындап жатырмын, әріптестерім, соның ішінде, балеттің жетекші солисі Бақтияр Адамжан қолдап, күрделі хореографияның қыр-сырын түсіндіріп, бағыт беруде.
Бейнені жасау үшін тек дайындық залында ғана жұмыс жасамаймын. Үйде жүріп те, Спартактың ішкі жан-дүниесін қалай жеткізсем деген ойға шомамын. Бір аңғарғаным, тіпті түсіме де бұл партия еніп кеткен, - дейді Серік Нақыспеков.
Гладитор досын «Астана Опера» сахнасында тұңғыш рет Айбар Тоқтар сомдайды.
Басты партияларды танымал қазақстандық әртістер әзірлеуде. Фригия – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Басбаева, Эгина – Әсел Шайкенова, Красс – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Ғатауов.
«Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова.
«Астана Опера» симфониялық оркестрі мен әйелдер хоры, дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айдар Әбжаханов, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.