Астанада жас ақындар айтысы өтеді

Астанада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тәуелсіздік күні мен Тұңғыш Президенті күніне арналған жас ақындар айтысы өтеді. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы хабарлады.
Ертең, 22 қарашада «Жастар» сарайында «Тәуелсіздігім – теңдігім, Егемендігім – елдігім» атты жас ақындар айтысы өтеді.
Оған еліміздің Алматы, Арқалық, Семей, Қызылорда, Павлодар, Шымкент қалалары мен Торғай, Шығыс Қазақстан өңірінен 9 айтыскер ақын қатысады.
Айтыс барысында ақындар «Тәуелсіздігім – тұғырым»; «Алашым – ардағым»; «Рухани жаңғыру – мұратым»; «Туған жер – тұрағым»; «Тілім – тұмарым» тақырыптары бойынша сөз жарыстыратын болады.
Айтысты өткізудің мақсаты- ақындардың өрелі өнері, өрнекті сөздері арқылы Тәуелсіздік мұраттары мен құндылықтарын насихаттау, ел егемендігі жолындағы Елбасының атқарған игі істерін ұлықтау, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығын паш ету және өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, олардың таным-талғамын ұлт руханиятына бағыттау.