Наверх

Погода в Астане: 24 марта, ночь: -7° 5 м/с24 марта, утро: -7° 7 м/с24 марта, день: -2° 8 м/с24 марта, вечер: +1° 7 м/с

Айбынды жауынгер, үнді ханшайымы және алтын пұттың дебюты

3080
Фото: «Астана Опера».

Осы күзде «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресей Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың қойылымындағы Л.Минкустың атақты «Баядерка» спектаклінде маңызды үш дебют орын алмақ. 28 және 29 қазан күндері Үлкен зал сахнасында астаналық театрдың балет әртістері айбынды жауынгер Солор, ханшайым Гамзатти және Алтын пұттың өзіндік бейнелерін ұсынуға әзірленіп жатыр, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметінен.

Солор – классикалық балеттің әлемдік репертуарындағы ең жарқын бейнелердің бірі. Көптеген әртістер жас шағынан бастап ғибадатхананың баядерка-бишісіне ғашық болатын айбынды үнді жауынгерінің партиясын орындауды армандайды. 28 қазан «Астана Операның» жетекші солисі Олжас Тарланов алғаш рет Солор рөлінің өзіндік интерпретациясын ұсынбақ.

- Мен үшін осы партияны орындау өзімді басқа қырымнан жүзеге асырып, көптеген күрделі техникалық элементтерді, яғни қарапайым емес вариацияларды, трюктерді, секіруді, екпінді па-де-дені орындауда күшімді сынау үшін мүмкіндік болмақ. Бұл партияны үнемі билегім келетін және осы бейнені сеніп тапсырғаны үшін көркемдік жетекшіміз Алтынай Асылмұратоваға алғысым шексіз, сонымен қатар әріптестерім Әйгерім Бекетаева мен Әнел Рүстемоваға көрсеткен қолдаулары үшін рахметімді айтамын, - деп бөлісті Олжас Тарланов.

Солордың қалыңдығы – намысқой сұлу ханшайым Гамзатти. 29 қазан күні сахна төріне раджа Дугмантаның қызы партиясында алғаш рет жас әртіс Шұғыла Әдепхан шығады. Он жеті жасар орындаушы үшін бұл біршама актерлік шеберлікті талап ететін бірінші үлкен рөлі болмақ.

28 қазан күні Алтын пұт рөлінде жас, болашағынан зор үміт күттіретін әртіс Айбар Тоқтар дебют жасайды.

Факир Магедавея бейнесін алғаш рет Ақарыс Бейбарыс ұсынады.

Баядерка Никия партиясын жетекші солистер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әйгерім Бекетаева мен Мәдина Басбаева, Ұлы Браминді – Жәнібек Иманқұлов, Ильдар Шакирзянов, раджа Дугмантаны – Рахметолла Науанов орындайды.

28 қазан Гамзаттиді театрдың жетекші солисі, халықаралық байқаулардың лауреаты Әнел Рүстемова сомдайды. 29 қазан Солор партиясын жетекші солист, көптеген байқаулардың Бас жүлде иегері Бақтияр Адамжан орындаса, Алтын пұтты солист, халықаралық байқаулардың лауреаты Серік Нақыспеков билейтін болады. Спектакль «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді, қоюшы-дирижері – Арман Оразғалиев.    

Оценить материал
0