Жапондықтар Оралда деректі фильм түсірмек

Жапон еліндегі «TOKYO VIDEO CENTER INC» компаниясының тілшілері шорт-трек спортының Қазақстан Республикасында дамуы туралы Жапонияның «NHK» Ұлттық телеарнасына деректі фильм түсіру үшін арнайы сапармен Орал қаласына келді. Бұл туралы облыс әкімінің сайтында жарияланды.
Жапондықтар елімізге танымал спортшылар, шорт-тректен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Нұрберген Жұмағазиев пен Абзал Әжіғалиев және шорт-тректен ұлттық құраманың бас бапкері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков туралы деректі фильм түсіруде.
Бұл екі спортшы келер жылдың ақпанында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін ХХІІІ қысқы олимпиада ойындарында ел намысын қорғамақ.
Өңірге келген шетелдік меймандар Нұрберген мен Абзалдың туып, өскен қаласының әсем жерлері, тәрбие алған жанұясы және алғашқы білім алған, спортқа жаттыққан мектептері туралы бейнебаян түсірді.
«Бұл деректі фильмді түсіру - өзімнің жеке шешімім. Елдегі билікке өз жобам туралы түйіндемелер жолдап, Қазақстанға баруға рұқсат алдық. Негізі бұл деректі фильм жапондықтар үшін түсірілуде. Себебі біздің елде Қазақстан туралы деректер өте аз. Фильм көрсетілімге шыққасын қазақстандықтар да ғаламтор желілерінен көре алады деп ойлаймын, – дейді «TOKYO VIDEO CENTER INC» компаниясының тілшісі Чоичиро Унно.