Наверх

Погода в Астане:06 июня, вечер: +19° 3 м/с07 июня, ночь: +16° 1 м/с07 июня, утро: +21° 2 м/с07 июня, день: +26° 3 м/с

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – әрбір азаматтың міндеті

2595
Фото: Иллюстративті сурет.

Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру — Қазақстан Республикасының 2015–2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының басты мақсаты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының негізгі бағыттары мен жүзеге асыру шараларын, сонымен қатар Қылмыстық және Қылмыстық іс-жүргізу кодекстерінің ерекшеліктері мен жаңалықтарын жастарға жіті түсіндіру мақсатында «Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру» тақырыбында Астана қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасы «Әлем» волонтерлық орталығымен біріге отырып еліміздің бірқатар ЖОО-да жыл бойы студенттермен кездесулер өткізді.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Қазақ технология және бизнес университеті, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті, Астана медициналық университеті және т.б. кәсіптік білім беру ордаларында жастарды сыбайлас-жемқорлыққа қарсы әрекет рухында тәрбиелеу бойынша тақырыптар қозғалды.

Жастармен кездесуге Қазақстан Республикасы Парламентінің IV және V шақырылым депутаты Соловьева Айгүл Сағадибекқызы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілі Камалдин Жақпаров, «Нұр Отан» партиясының «Бірлік» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шыңғыс Қожахметов сынды еліміздің бірқатар қоғам қайраткерлері спикер ретінде шақырылды.

Олар бұл тұрғыда жан-жақты жұмыла жұмыс жүргізудің қаншалықты маңызды екенін, әр адам сыбайлас жемқорлыққа күресті өзінен бастауы қажет екенін және жемқорлық әрекеттері орын алған жағдайда бірден құзырлы органдарға хабарлау қажет екенін түсіндірді.

Студенттерге қоғамда орын алып жататын өкілеттілікті қызметтен тыс пайдаланудың, сыбайлас-жемқорлыққа қарсы тәртіп пен бекітілген заңды сақтамаудың қайғылы салдары қандай болатыны жайлы арнайы дайындалған әлеуметтік бейнероликтер, көрнекі презентациялар көрсетілді. Ал кездесу қызықты әрі нәтижелі болуы үшін студенттер арасында викториналар мен дебаттар ұйымдастырылды.

Жастарды адалдыққа, әділдікке және өз принциптеріне берік болуға тәрбиелеу кешенді жұмысты талап етеді. 2015–2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясы бағдарламалары жоспар бойынша жалғасын табуда.

Оценить материал
0